Заньер мен Лавров Украина шығысындағы қақтығысты талқылайды

ЕҚЫҰ бас хатшысы Ламберто Занньер мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров бүгін Мәскеуде ЕҚЫҰ-ның бас хатшысы Ламберто Заньермен кездеседі. Ресей сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Лавров пен Заньер Украинаның шығысындағы қақтығысты реттеу жолдарын талқылайды.

23 сәуірде Луганск облысында ЕҚЫҰ-ның бақылаушылар миссиясы мінген көлік минаға түсіп, жарылған. Жарылыстан америкалық медицина қызметкері қаза тауып, тағы екі бақылаушы - Германия мен Чехия азаматы жараланған.

Бұған дейін Заньер ЕҚЫҰ бақылаушыларының қызметін шектеуге және сепаратистердің қоқан-лоққы көрсететініне байланысты бірнеше рет алаңдаушылық білдірген.

Заньермен бірге Ресейге ЕҚЫҰ-ның қақтығыстарды болдырмау жөніндегі орталығының директоры Марсель Песко да барады. Ол ресей-украин шекарасындағы бір бөлігін ресейшіл сепаратистер бақылайтын бақылау-өткізу пунктеріне барады.