Алматы облысында нөсер жауыннан жүздеген саяжайды су басты

Алматы облысы Қарасай ауданының Қырғауылды ауылында су басқан саяжай учаскелері. 28 сәуір 2017 жыл. (Сурет Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінен алынды).

Алматы облысында нөсер жауыннан Қарасай ауданында Қырғауылды өзенінде су деңгейі көтеріліп, жүздеген саяжай учаскесін су басты деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаменті. Өзеннің тасуынан Қырғауылды ауылы мен оған жақын "Ақсай-19", "Торпеда", "Труд", "Полет" саяжай серіктестіктерінде 151 саяжай учаскесін, жекеменшік балабақшаны және облыстық деңгейдегі Алматы - Жандосов жолының 23 километрін су басқан. Құтқарушылар екі адамды эвакуациялаған. Бүгін таңертең саяжай учаскелерін аралап шығу үшін үш топ құрылған.

Төтенше жағдайлар департаментінің апаттан құтқару қызметкерлері Қырғауылды өзенінің арнасын тазалап, тереңдету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазірге дейін өзеннің Алматы - Жандосов жолындағы көпірі тазартылған.

Ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитеті бұған дейін 28 сәуір мен 1 мамыр аралығында Алматы облысында нөсер болады деп ескерткен болатын.