Ақтөбеде облыстық ішкі істер департаменті ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы бастығының орынбасары қамауға алынды деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Прокуратура мен ҰҚК-нің Ақтөбедегі департаменті полиция шенеунігіне «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айып тағып отыр. Алдын ала тергеу болжамынша, күдікті сауда айналымында шектеулі балық өнімдерін тасымалдаушы азаматтан ақша бопсалаған, «яғни оны қылмыстық жауапкершілікке тартпас үшін бопсалап, одан тәркіленген тауарды өзге біреуге өткізіп жіберген».
Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлімінің 3-пункті бойынша күдікке ілінген полиция шенеунігі қазір уақытша тергеу изоляторында отыр.
Прокуратура таратқан мәліметке қарағанда, осы дерек бойынша полицияның бірнеше қызметкері де күдікке ілінген. Бірақ прокуратура тергеу мүддесіне қайшы деген уәжбен күдіктілердің неше адам екенін жария етпеді.