Қырғыз елі бүгін сенбі күні Ош облысындағы Аюу ауылында көшкін салдарынан құрбан болғандарды аза тұтып жатыр. Кеше президент Алмазбек Атамбаевтың жарлығымен 30 сәуір ұлттық аза тұту күні болып жарияланған. Бүгін бүкіл ел көлемінде және дипломатиялық өкілдіктер ғимараттарында Қырғызстан мемлекеттік туы төмен түсіріліп, ойын-сауық шаралары өткізілмейді, телерадио арналарынан көңілашар хабарлар берілмейді.
Сәуірдің 29-ы күні таңертең Ош облысы Өзген ауданындағы Аюу ауылында көлемі шамамен бір миллион текше метрді құрайтын көшкін жүрген. Тас-топырақ астында қалған жеті үйдегі 24 адам түгел опат болған. Құрбан болғандардың арасында тоғыз бала бар деп хабарланды.
Your browser doesn’t support HTML5
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан халқы мен өз атынан қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевқа көңіл айтып, жеделхат жолдаған.