Ресейде "Надоел" қарсылық акциясына шыққан 200-дей адам ұсталған

Чувашия астанасында өткен "Надоел" қарсылық акциясына қатысушылар. Чебоксары, 29 сәуір 2017 жыл.

Сенбі күні Ресейдің ондаған қаласында ел президенті Владимир Путиннен 2018 жылғы мемлекет басшысы сайлауына түспеуін талап етуші азаматтар бастамасымен өткен "Надоел" ("Мезі еттің") акциясы барысында, соңғы мәліметтер бойынша, 200-ге жуық адам ұсталған.

Санкт-Петербургте полиция 103 адамды ұстаған. Көп жағдайда полиция ұсталған азаматтарды хаттама толтырмастан босатқан. Әйткенмен кей белсенділерге әкімшілік құқық бұзу айыбы тағылған.

Your browser doesn’t support HTML5

Ресейде "Надоел" акциясына шыққандар ұсталды

Мәскеу қаласында "Надоел" акциясына шыққандардан ешкімді ұстамаған. Мыңға жуық адам Владимир Путинге келер жылға белгіленген президент сайлауына түспеуін сұрап жазған хаттарын Ресей президенті әкімшілігі кеңсесінің қабылдау бөліміне тапсыруға барған.

"Надоел" акциясын ұйымдастырған "Открытая Россия" үкіметтік емес ұйымының негізін қалаушы, ЮКОС мұнай компаниясының бұрынғы жетекшісі Михаил Ходорковский шара ойдағыдай өтті деп мәлімдеген. Ол акцияның мақсаты – Владимир Путиннің осымен төртінші мерзімге президент қызметінде қалуы үшін сайлауға түсуіне қарсы заңды наразылық білдіру екенін тағы да айтқан. Ходорковский биліктің алмасуын қамтамасыз ету үшін мемлекет басшысы қызметін тапсыру Путиннің қолынан келеді деп санайды.