СҚО: Сергеев су қоймасындағы су деңгейі сәл түсті

Су басқан Косагор ауылы. Солтүстік Қазақстан облысы. 2 мамыр 2017 жыл.

Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратына қарағанда, Есіл өзеніндегі Сергеев су қоймасында 2 мамыр күнгі мәлімет бойынша 984,6 миллион текше метр су тұр. Өткен аптада сыйымдылығы 693 миллион текше метр болатын су қоймасына 1 миллиард 133 миллион шаршы метрге дейін су жиналып, салдарынан Есіл өзеніндегі су тасып, жақын маңдағы ауылдар мен үйлерге қауіп төндірген. Петропавл су қоймасы 114,78 пайызға толған. Алдағы уақытта Қызылжар ауданындағы Большая Малышка, Ольшанка, Долматово ауылдарын су басады деген болжам бар. Тоқсан би ауылында су деңгейі 71 сантиметр төмендесе, Покровка, Новоникольское, Прибержное ауылдарындағы судың деңгейі күн сайын көтеріліп келеді. Большая Малышка ауылында 353 үйде 979 адам, Ольшанка ауылында 116 үйде 332 адам, Долматово ауылында 152 үйде 391 адам тұрады. Қазір бұл елді мекендерде су тасқынының алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Петропавл қаласы мен Заречный, Былғары зауыт шағын аудандарындағы су деңгейі 3 сантиметрге көтерілген. Тепличное ауылынан 573 адам, Заречный ауылынан 655 адам, Былғары зауыт шағын ауданынан 375 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Облыс бойынша барлығы 221 үйге су кірген. Қала маңындағы Косагор ауылында 15 үйді су басқан.