Астана соты бұрынғы білім және ғылым вице министрі Саят Шаяхметовті қаржы жымқырды деген айыппен жеті жылға соттады. Бұл іс бойынша айыпталған білім министрлігінің құрылыс дирекциясының бұрынғы басшысы Александр Пакқа да жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Пак пен Шаяхметов Өскемендегі оқу орындарының құрылысына бөлінген бір миллиард теңгеден астам қаржыны иеленіп, ысырап етті деп айыпталған. Бұл іс бойынша сот 2014 жылы жазда басталған. Ол кезде сот барысында Шаяхметовтің кінәсін дәлелдейтін айғаққа күмән келтіріліп, кейін іс қосымша тергеуге жіберілген. Жаңа сот процесі биыл наурызда басталған. Соттың жарыссөзінде Шаяхметовтің қорғаушылары оған ақтайтын үкім шығаруды сұраған. Шаяхметовтің қорғаушылары "айыптаудың жорамалдау сипаты басым екенін" және бұрынғы вице-министрдің "кінәсі дәлелденбегенін" мәлімдеген.
Қаржы жымқыру ісі бойынша тергеу 2013 жылдың көктемінде басталған. 2013 жылы 14 мамырда Саят Шаяхметов пен "Білім және ғылым құрылыс нысандарының дирекциясының" бас директоры Александр Пак қаржы жымқыру күдігімен ұсталған. 2013 жылы 20 мамырда бюджет қаржысын ысырап ету ісіне қатысты Саят Шаяхметов үйқамаққа алынған. Сол күні білім және ғылым министрлігі оның қызметінен босатылғанын хабарлаған.