Боксшы Левит Азия чемпионатының 1/2 финалына өтті

Василий Левит (қызыл формада) пен Санжар Турсунов арасындағы жекпе-жек. 3 мамыр 2017 жыл. Ташкент. (Сурет авторы - Данияр Майлыбаев)

Бокстан Рио олимпиадасының күміс жүлдегері, 91 килограмм салмақтағы Василий Левит Ташкентте (Өзбекстан) өтіп жатқан Азия чемпионатының жартылай финалына шықты. Ол ширек финалда өзбекстандық Санжар Турсуновты жеңді. Бес төреші де жеңісті қазақстандық боксшыға берді.

Левиттен бөлек 56 килограмда Рио олимпиадасына қатысқан Қайрат Ералиев те жартылай финалға өтті. Ол ширек финалда жапониялық Риомей Танаканы жеңді. Ералиев жартылай финалда қытайлық Жан Жей Веймен кездеседі.

Ташкентте өтіп жатқан Азия чемпионаты 7 мамырда аяқталады. Бұл жарысқа қатысып жатқан қазақстандық он боксшы да ширек финалға шықты.

2016 жылғы Рио олимпиадасында финалда төрешілер шешімімен ресейлік Тищенко Қазақстан боксшысы Василий Левитті жеңген. Финалдан соң жанкүйерлер, халықаралық басылымдар мен бокс сарапшылары төрешілер шешіміне наразы болып, дау туған. Олар финалда Левит айқын жеңгенін айтып, төрешілер шешімі қате болғанын сынаған.