Астана: Сирия оппозициясы бүгінгі келіссөзді аяқтады

Астанадағы Сирия бейбіт келіссөзіне қатысушылар. 15 наурыз 2017 жыл.

"Сирия қарулы оппозициясының делегациясы Астанада өтіп жатқан бейбіт келіссөзде бүгінгі келіссөз процесін аяқтады" деп хабарлады Қазақстан сыртқы істер министрлігінің (СІМ) Азия және Африка департаментінің бастығы Айдарбек Тұматов.

Бұған дейін кейбір халықаралық БАҚ келіссөздегі Сирия көтерілісшілерінің дереккөзіне сілтеме жасап, Сирия оппозициясының делегациясы "Сириядағы бейбіт тұрғындарға қарсы өрескел әуе шабуылдарына байланысты Сирияның барлық территориясында атыс тоқтатылғанша келіссөзге қатысуды тоқтататынын" хабарлаған.

Тұматов Сирия оппозициясының "келіссөзді тастап кетпегенін", ертең, яғни 4 мамырда өтетін пленарлық отырысқа қатысатынын айтты.

Ресей, Түркия және Иран арағайындығымен өтіп жатқан Сирия бейбіт келіссөзі бүгін түс шамасында басталды. Келіссөз жабық түрде өтіп жатыр. Келіссөзге Сирияның қарулы оппозициясы делегациясын "Джейш әл-Ислам" ұйымының жетекшісі Мохаммед Аллуш бастап келгені хабарланған.

Келіссөзге сонымен қатар БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура, АҚШ мемлекеттік хатшысының Таяу Шығыс істері бойынша көмекшісі Стюарт Джонс, Иордания сыртқы істер министрінің саяси мәселелер бойынша көмекшісі Науаф Уасфи Тел де қатысатыны хабарланған. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Вашингтон Астанадағы келіссөзге өкілін жіберетінін хабарлаған.

СІМ 4 мамыр күні түстен кейін келіссөздің пленарлық отырысы және қорытынды баспасөз конференциясы болады дейді.