Ақтөбе өңірінде мұнай көлігі жүргізушісімен бірге өртеніп кетті

Көрнекі сурет.

Ақтөбе облысында мұнай тиеген жүк көлігі жүргізушісімен бірге өртеніп кетті. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) хабарлады.

Полицияның мәліметінше, оқиға Байғанин ауданындағы Қопа ауылы маңында болған. КамАЗ автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, мұнай тиелген көлік жол жиегіне аударылып кеткен. Жол апатынан өртене бастаған көліктен 52 жастағы ер адам шыға алмай қалған.

- КамАЗ жүргізушісі оқиға болған жерде қаза тапты. Бұл дерек бойынша қазір тергеу жүргізіліп жатыр, - дейді Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Өртенген көлік жекенің меншігі. Жол апатына ұшырайтын күні көлік жүргізушісі «Сағыз Петролеум Компани» серіктестігінің мұнайын тасымалдауға шыққан. Компания өкілдерімен хабарласу мүмкін болмады.

Оқиға 4 мамыр күні сағат 15:00 шамасында болған.