Ақтөбеде тасқыннан зардап шеккен 13 отбасыға баспанамен көмектесті

Уақытша баспанаға ие болған отбасылардың бірі. Ақтөбе, 8 мамыр 2017 жыл.

Ақтөбедегі су тасқыны кезінде үйлері құлап қалған бес отбасы - жалға берілетін пәтерге, сегіз отбасы - уақытша отбасылық үлгідегі жатақханаға кірді.

«Нұр Ақтөбе» ауданындағы 10 қабатты жаңа үйден жалға берілген пәтерлердің бірін алған Талғат Лепесов су тасығанша Ақтөбенің Махамбет деп аталатын ауданында тұрған. Оның саманнан соққан үйі 15 сәуір күні құлап қалған.

- Жалға берілетін пәтердің алғашқы жарнасын төлеуге «Қолғанат Ақтөбе» қорынан 300 мың теңге қаржылай қолдау көрсетілді. Су тасқынынан соң құрылған осы қорға қаржы аударып, бізге көмек қолын созған азаматтарға алғысымыз шексіз, - дейді Талғат Лепесов.

Бүгін отбасылық үлгідегі жатақханаға қоныстанатын сегіз отбасыға жер учаскесі мен 1 миллион теңге жәрдемақы сертификаты да тапсырылды. Тасқыннан зардап шегушілер үй тұрғызып алғанша осы отбасылық жатақхананы уақытша паналамақ.

Уақытша пәтер кілтін алғандардың бірі – Мырзабек Абдрахманов. Жұмыссыз азаматтың айтуынша, төрт баласы мен жұбайы, жасы 80-нен асқан енесі бар Абдрахмановтар отбасына жер телімі Ақтөбенің іргесіндегі Сазды ауылынан берілген.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың сөзіне қарағанда, су тасқынынан зардап шеккен 65 отбасыға жер телімі бөлінген. Оған қоса зардап шегушілердің әрқайсысына құрылыс материалдары үшін 1 миллион теңгеден берілмек. Су тасқынынан зардап шегушілерге жер телімі Қурайлы, Сазды селолық округі мен Ақтөбеге жақын Россовхоз, Қызылжар, Ясное елді мекендерінен берілген.