Оңтүстік Қазақстан облысындағы Батыс Қытай – Батыс Еуропа магистралінің бойындағы 18 елді мекенде 500-ден аса жеке тұрғын үйдің қасбеті талапқа сай емес. Бұл туралы бүгін Шымкенттегі облыс әкімдігінде өткен брифингте облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Еркін Жүсіпов хабарлады.
Жүсіповтың айтуынша, Батыс Қытай – Батыс Еуропа халықаралық көлік дәлізінің облыс арқылы өтетін бөлігінің ұзындығы 194 километр. Құрылыс жұмыстарын 2017 жылдың соңында аяқтау жоспарланған.
- Көлік дәлізінің бойында 18 елді мекендегі 500-ден аса жеке тұрғын үй және 41 жанармай құю бекеті талапқа сай емес. Қазір түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұлар - жекеменшік үйлер. Ешқайсысы боялмаған. Тұрғындардың бояуға шамасы келмейді емес, бұл - еріншектік, - дейді шенеунік.
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының бас инженері Нұрбол Мыңжасаровтың айтуынша, көлік дәлізіндегі ескі қызмет көрсету объектілерінің бәрі бұзылған. Қазір халықаралық стандартқа сай 18 нысанның 15-і жұмысын бастаған. Оның сөзінше, қазіргі нысандар еуро талаптарға сай.
Нұрбол Мыңжасаров көлік магистраліндегі құрылыс жұмыстары биыл аяқталатынын, 2019 жылы бұл жолмен жүру ақылы болатынын айтады.