Қара теңіздің Қырым түбегіне жақын маңындағы халықаралық әуе кеңістігінде ұшып жүрген АҚШ әскери-теңіз күштерінің «Посейдон» бақылаушы ұшағына ресейлік Су-30 әскери ұшағы жақындап келген деп хабарлады Пентагон.
Ресейлік реактивті ұшақтың «әуе-әуе» класына жататын алты зымыраны болған деп хабарлады америкалық әскери мекеменің өкілі. Ол әдетте АҚШ ұшақтарына тосқауылға шығатын ресейлік ұшақтарда мұндай қару болатыны сирек екенін айтқан. Сонысы болмаса, жалпы ұшақтың жақындауы «қауіпсіз болған және кәсіби шеберлікпен орындалған» дейді Пентагон.
Оқиға мамырдың 10-ы күні, АҚШ президенті Дональд Трамптың Вашингтонда Ақ үйде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдауынан бір күн болған. Ресей қорғаныс министрлігі Су-30 ұшағы «сәлем беру маневрін» жасағаннан кейін АҚШ бақылаушы ұшағы бағытын өзгертіп, Ресей шекарасынан аулаққа кеткені жайлы мәлімдеді. Ұшақтар Ресейді Қырым түбегінен бөліп тұрған Азов теңізінен оңтүстікке қарай шамамен 100 шақырымдай қашықтықта әуеде жолыққан.