Қырғызстанның Мемлекеттік ұлтық қауіпсіздік комитеті (МҰҚК) оппозициялық саясаткер, парламенттегі "Ата Мекен" фракциясының жетекшісі Омурбек Текебаевтың ісін бас прокуратураға тапсырды. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз редакциясы МҰҚК-нің ресми өкілі Рахат Сулаймановқа сілтеме жасап хабарлады.
Прокуратура енді істі қарап, сотқа жіберуі тиіс. Текебаевтың адвокаты Чинара Жакыпбекова Азаттыққа істің жеті томнан тұратынын, ал депутат оның екі томымен танысып үлгергенін айтты.
Текебаевтың ісі қай сотқа берілетіні және оның қалай қаралатыны әзірге бегісіз. 12 мамырда қырғыз парламентінің "Ата Мекен" фракциясынан сайланған депутаты Алмамбет Шыкмаматов істің жабық түрде қаралатынын мәлімдеген.
Бішкек қалалық соты 4 мамырда Текебаевтың адвокатының оны қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын үйқамаққа алумен өзгерту туралы шағымын қарап, оны қанағаттандырудан бас тартқан.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың қарсыласына айналған бұрынғы серігі Омурбек Текебаев 26 ақпанда Бішкек әуежайында ұсталып, 27 ақпанда екі айға қамалған. 9 наурызда Бішкек қалалық сотының апелляциялық алқасы оны қамауда қалдырған.
Биліктің ұйғарымынша, Текебаевқа қарсы іс оның премьер-министр болып тұрғанында "ресейлік бизнесменнен миллион доллар пара алуымен байланысты қозғалған. Текебаевтың жақтастары билік саясаткерді биыл қарашада өтетін президент сайлауы қарсаңында билікке қарсылардың үнін өшіру үшін қудалап отыр деп санайды. "Ата Мекен" Текебаевты ол қамалған соң ұзамай президенттікке кандидат етіп ұсынған.
Текебаевтың жақтастары ол ұсталған кезде саясаткерді босатуды талап етіп, қарсылық акциясын өткізген (26 ақпан 2017 жыл)
Your browser doesn’t support HTML5