Қазақстанда Сириядағы балаларға қаржылай көмек жинау науқаны басталды

Сириядағы балалар (Көрнекі сурет).

Қазақстанда "Сириядағы балаларға көмек" акциясы өтіп жатыр. Бұл туралы Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында шараны ұйымдастырушы "Сезімтал" қоғамдық қорының жетекшісі Сұңқар Нұрмағамбетов хабарлады.

Шараға кез келген қазақстандық қатыса алады. Ол үшін "Сбербанк" банкінде ашылған арнайы есепшотқа ақша аударуға болады.

"Көмек тек ақшалай қабылданады. Жиналған қаржыны Сирияға жеткізумен ЮНИСЕФ халықаралық ұйымының Қазақстандағы бөлімі айналысады. Көмек жинау 20 маусымға дейін созылады" дейді Сұңқар Нұрмағамбетов.

ЮНИСЕФ дерегінше, қазір Сирияда шамамен жеті миллион бала кедейшілік шегінде өмір сүріп жатыр. 2,9 миллион бала мектепке бармайды. Соғыс кезінде елде бес мыңнан астам мектеп қиратылған немесе әскери нысанға айналған.