Сирияда АҚШ-тың әуе шабуылынан сегіз адам қаза тапты

АҚШ қолдайтын, араб және күрдтердің "Сирия демократиялық күштері" альянсының мүшелері. "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының туын жығып жатыр. Табка, Сирия, 30 сәуір 2017 жыл.

Сирияда америкалық әскерилердің Сирия үкіметі күштері мен Иран қолдайтын көтерілісшілердің колоннасына әуеден шабуыл жасауынан сегіз адам қаза тапты деп хабарлады Лондонда орналасқан Syrian Observatory for Human Rights бақылау ұйымы. Пентагонның 18 мамырда мәлімдеуінше, соққы Ресей әскерилері колоннаның АҚШ пен оның одақтастары "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымымен ұрысқа дайындалып жатқан ауданға енуін тоқтата алмаған соң жасалған.

Пентагон әуе соққылары Сирия үкіметі күштері сирия-иордания шекарасындағы әл-Танф қаласына жақын орналасқан америкалық әскерилер мен АҚШ қолдайтын көтерілісшілерге доқ көрсеткен соң жасалғанын айтады. Америкалық әскерилер колонна Ресей әскерилерінің ескерту ретінде атқан оғын елемей, қозғалысын жалғастыра берген соң әуеден шабуылдаған.

АҚШ қорғаныс министрі Джеймс Мэттис бұл шабуыл АҚШ-тың Сириядағы алты жылға созылған соғысқа кеңірек араласа бастағанын білдірмей ме деген сұраққа "Біз Сириядағы азамат соғысында рөлімізді арттырмаймыз, бірақ өз әскерімізді қорғаймыз" деп жауап берді.