Ирандағы президент сайлауында қазір осы қызметте отырған Хасан Роухани алда келе жатыр. Reuters агенттігінің хабарлауынша, 37 миллион сайлау бюллетені саналған сәттегі мәлімет бойынша, дауыс беруге қатысқандардың 21 миллионы Роуханиді қолдаған. 14 миллион сайлаушы оның бәсекелесі – консерватор Ибрагим Раисиді жақтап дауыс берген.
Бұған дейін Иранда мамырдың 19-ы күні өткен президент сайлауына елде тіркелген 56 миллионнан аса сайлаушының 40 миллионнан астамы дауыс бергені туралы хабарланған. Жұма күні сайлауға дауыс беруге қатысушылардың көптігінен сайлау учаскелерінде кезектер пайда болып, дауыс беру бірнеше сағатқа ұзартылған.
Бұл жолғы сайлауда президенттікке кандидаттар арасында қазір билік басында отырған Хасан Роухани, бұрынғы прокурор, қатаң саясатты қолдайтын дін қызметкері Ибрагим Раиси, бұрынғы мәдениет министрі Мостафа Ага Мирсалим және бұрынғы өнеркәсіп министрі Мостафа Хашеми Таба бар. Негізгі бәсеке Хасан Роухани мен Ибрагим Раиси арасында өрбіді.
Ел азаматтары сайлайтын Иран президенті ішкі және сыртқы саясат жүргізу өкілеттігіне ие атқарушы билік басшысы саналады. Бірақ іс жүзінде Иранда жоғарғы билік рухани жетекшісінің – 77 жастағы аятолла Әли Хаменеидің қолында. Ол қарулы күштерді, сот жүйесін, мемлекеттік телеарнаны және өзге де маңызды үкіметтік ұйымдарды бақылауында ұстайды. Сонымен бірге ол елдің сыртқы саясатын белгілейді.