Ердоған Әділет және даму партиясының басшысы болып қайта сайланды

Режеп Ердоған, Түркия президенті.

Түркияның Әділет және даму партиясының мүшелері президент Режеп Ердоғанды партия басшысы етіп сайлады. Партия басшылығына жалғыз кандидат Ердоған бұл қызметте премьер-министр Бинали Йылдырымның орнын басты. Ердоған съезге қатысқан 1470 делегаттың 95 пайызының даусын иеленді. Анкарада стадионда мыңдаған жақтасының алдында сөйлеген Ердоған "Ертең азаматтарымыздың салы суға кетіп, еңсесі езілгеннен гөрі іштегі және сырттағы жауыздарға бүгін қарсы тұруды жөн көрдік" деді.

Ердоған исламшыл бағыттағы партияны 2001 жылы құрып, бір жылдан соң онымен жеңіске жеткен. Ол президент болып сайланған соң партияны басқаруды үш жылға басқа адамға тапсыра тұрған. Себебі президент партия басшылығында болмауы тиіс еді. Бірақ бұл ереже биыл 16 сәуірде конституцияға түзетулер енгізген референдумнан соң өзгерген. Бұдан былай Түркия президенті партия мүшесі және басшысы бола алады.