Қазақстан Солтүстік Кореяның баллистикалық зымыран ұшырғанын айыптайды деп мәлімдеді сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасаған ҚазАқпарат.
СІМ баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов Солтүстік Кореяның 21 мамырда баллистикалық зымыранын сынақтан өткізуі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларын өрескел түрде бұзу болып саналатынын айтып, Қазақстан Пхеньянды ядролық және зымыран бағдарламаларынан бас тартуға шақыратынын айтты.
"Қазақстан ғаламдық және аймақтық қауіпсіздікке кәдімгідей қатер төндіріп, халықаралық қауымдастықтың ядролық қарусыз әлем құрудағы ұмтылыстарына нұқсан келтіретін жауапсыз, арандату әрекеттерінің жөнсіз екенін мәлімдейді" деді Жайнақов. Ол Қазақстан Солтүстік Кореяның ядролық және зымыран бағдарламасы бойынша көп жақты келіссөздің қайта жандануын қолдайтынын да айтты.
Солтүстік Корея 21 мамырда орта қашықтықтағы баллистикалық зымырын сынағын өткізген. АҚШ билігінің өкілдері соңғы ұшырылған зымыран Солтүстік Корея осыған дейін биыл ақпанда ұшырған зымыранға ұқсас екенін айтады. Бұл зымыранның соққы беру радиусы алдыңғы үш зымыранға қарағанда шағындау делінеді. Бұған дейін Вашингтон Пхеньянды зымыран технологиясына қатысты жұмыстарын жалғастыратын болса жаңа санкцияларға тап болатыны туралы ескерткен.