Әблязовке қатысты сотта сотталушының бірі "айыбын толық мойындады"

Аблязов ісіндегі мемлекеттік айыптаушы прокурорлар Еркін Баймағамбетов (сол жақта) және Тимур Шамай. Алматы, 17 наурыз 2017 жыл.

Бүгін Алматыда "БТА Банкіндегі" қаржы жымқыру" ісі бойынша өтіп жатқан сотта "БТА Банктің" бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мәмеш өзіне тағылған айыпты толығымен мойындады.

Алматының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында қуғындағы оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов пен оның серіктеріне қатысты қылмыстық іс бойынша жарыссөз өтуі тиіс еді. Алайда, процесс бастала салысымен айыптаушылардың бірі Сәдуақас Мәмеш өзіне тағылған айыптарды "толығымен мойындайтынын және ісіне өкінетінін" мәлімдеді. Осыдан кейін судья Мәртбек Кәкімжанов сот тергеуін қайта бастау керектігін жариялады. Бірақ мемлекеттік айыптаушылар сот тергеуін қайта жүргізбей-ақ, Сәдуақас Мәмешке қатысты эпизодттарға тоқталып, оның айыптарын мойындайтыны я мойындамайтынын қайта сұрап шықты.
Мұнан кейін мемлекеттік айыптаушы Сәдуақас Мәмештен "Сот тергеуі барысында айтылғандарға алып-қосарыңыз бар ма?" деген сұрады, Мәмеш "Жоқ, мен бәрін айттым" деп қысқа жауап берді.

Осыдан кейін мемлекеттік айыптаушылар Мәмеш өз позициясын өзгерткеніне байланысты, жарыссөзге дайындалу үшін уақыт беруді сұрады. Судья бөл өтінішті қанағаттандырып, процессті түстен кейін сағат 15.00-ге қалдырды.

БТА банкінің топ-меннеджерлерінің бірі, басқарма төрағасы Сәдуақас Мәмешке қылмыстық кодекстің 176, 193 және 220-баптары ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету", "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлiктi заңдастыру", "Банктiң ақша қаражатын заңсыз пайдалану ") айып тағылып отыр.

"БТА Банктегі" қаржы жымқыруға" қатысты қылмыстық іс бойынша Әблязов "қылмыстық қоғамдастық құру, оған басшылық жасау", "БТА Банк қаржысын жымқыру және оның ізін жасыру", "банк қаржысын заңсыз пайдалану" және "қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану" баптары бойынша күдікті деп танылған.

Францияда 2013 жылдың жазынан бері үш жылдан аса уақыт қамауда болған Мұхтар Әблязов 2016 жылы 9 желтоқсанда бостандыққа шыққан. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды және өзіне қарсы істің саяси астары бар деп таниды.