Қазақстан инвестиция және даму министрлігінің әскериленген апаттық-құтқару қызметінің басшысы коррупциялық қылмыс жасады деген күдіккен қамалды. Коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының ақпаратына қарағанда, "Кәсіби әскериленген апаттық-құтқару қызметі" мемлекеттік мекемесінің бас директоры Б.Ш.Халық мердігер мекемелерден "орындалған жұмыс актілеріне қол қоюды жеделдету үшін" пара алу жүйесін ұйымдастырды деген сезікке ілінген.
Бюро Б.Ш.Халық 23 мамырда "кезекті рет пара алып жатқанда" ұсталып, "тұрғылықты жерінен 300 мың доллар мен алты миллион теңге тәркіленгенін" айтады. Ұлттық бюро бас директор сонымен қатар мекеменің бас есепшісі және аймақтық филиал басшысымен бірге "Кәсіби әскериленген апаттық-құтқару қызметі" мемлекеттік мекемесінің қаржысын жымқырды деп сезіктенеді. Халықпен бірге есепші К.Т.Медебаева мен мекеменің Атырау филиалының басшысы Т.У.Махмұтов та қамауға алынған.