Столтенберг: НАТО ИМ-ге қарсы коалицияға қосылады

Йенс Столтенберг, НАТО бас хатшысы. Брюссель, 25 мамыр 2017 жыл.

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг альянс елдері бүгін НАТО-ның "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымымен күресетін халықаралық коалицияға қосылуына келіспек ниетте екенін мәлімдеді. "Бұл НАТО-ның терроризмге қарсы іс-қимыл жасау ниетіне берік екенін білдіретін маңызды белгі болмақ" деді Столтенберг Брюссельде өтетін альянс елдері басшыларының саммиті қарсаңында. Оның сөзінше, бұл келісімге альянстың әскери операцияларға қатысу жоспары енгізілмейді.

НАТО-ға мүше кей елдер Ирак пен Сириядағы ИМ-ге қарсы коалицияның құрамында бұрыннан бар. НАТО саммитінде негізгі екі мәселе - альянсқа мүше 28 мемлекеттің қорғанысқа бөлетін қаржысын ұлғайту және терроризмге қарсы бірлескен іс-қимыл жайы талқыланады.

Столтенберг сонымен қатар НАТО Еуропадағы терроризмге қарсы іс-қимыл жоспарына қатысты өзара келісіп, терроризмге қарсы операцияларды үйлестіру жайын нақтылайтынын айтады.