Өзбекстанда имамдар діни себептерге байланысты сотталғандардың немесе экстремизм күдігімен іздеу жарияланғандардың туыстарымен әңгімелесіп, сұхбаттасады.
Әндіжан облысы мешітінің имамы соңғы айда діни себеппен сотталғандардың және шетелге кетіп, экстремизм күдігіне ілінген тұрғындардың үйлерінде әңгімелесу және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлады.
Ташкенттің Алмазар ауданындағы мешіттің имамы әңгімелеу және түсіндіру жұмыстарының республика бойынша жүргізіліп жатқанын айтады. Имамдар кейбір "діндарлардың" туыстарымен әңгімеде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің "діни рақымшылық жасау ниеті" бары туралы айтқан. Бірақ парламент өкілі мұндай рақымшылық жасалатынын жоққа шығарды.
Адам құқығын қорғайтын "Эзгулик" қоғамының өкілі әрі ташкенттік тәуелсіз журналист Абдурахман Ташанов Ташкенттің кейбір танымал және беделді имамдары діни себептермен сотталғандардың істерін зерттеп жатқанын айтады. "Беделді имамдар билікке бұл адамдардың мемлекетке қауіп төндірмейтінін және бостандыққа шығуға болатынын түсіндіру үшін олардың істерін зерттеп жатыр" деді журналист.