Жұмақанов пен Отгонцэцэг дзюдодан Азия чемпионатында күміс алды

Галбадрах Отгонцэцэг (ақ формада) Рио олимпиадасында.

Дзюдодан Гонконгта басталған Азия чемпионатының алғашқы күнінде Қазақстан құрамасы екі күміс, бір қола медаль иеленді.

Ерлер арасында 66 килограмда Елдос Жұмақанов финалда 2015 жылғы әлем чемпионы, Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Ан Ва Улдан (Оңтүстік Корея) жеңілді. Жұмақанов финалға дейін қытайдық Ву Джигианг, қырғызстандық Бектұр Рысмамбетовті, өзбекстандық Сардор Нуриллаевты жеңген еді.

73 килограмда Жансай Смағұлов алғашқы айналымда филиппиндік Кейси Наканодан, жапониялық Арака Татсукавадан басым түскен. Ал жартылай финалда Ан Чанг Римнен (Оңтүстік Корея) жеңілді. Қолаға таласта ирандық Мохаммад Бариманлоуды таза жеңді.

Әйелдер арасында 48 килограмда Рио олимпиадасының қола жүлдегері Галбадрах Отгонцэцэг жартылай финалда жапониялық Фуна Тонакиден үстем түскенімен, финалда моңғолиялық Уранцэцэг Мунхбаттан жеңіліп қалды. Моңғолияда туған Отгонцэцэг 2012 жылы Қазақстан дзюдо федерациясының шақыртуымен осы елдің азаматтығын алған.

Азия чемпионаты 28 мамырда аяқталады.