CPJ ресейлік журналист Дмитрий Попковты өлтіру қылмысын айыптады

"Журналистерді қорғау комитеті" халықаралық ұйымының белгісі. (Көрнекі сурет.)

"Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists - CPJ) халықаралық ұйымы Ресейдің Красноярск өлкесіндегі Минусинск қаласында шығатын «Тон-М» тәуелсіз басылымының бас редакторы Дмитрий Попковты өлтіру қылмысын айыптап мәлімдеме таратты. CJP бұл қылмысқа кінәлілерді жауапқа тартуды талап еткен. Денесіне бес оқ тиген журналист Попков мамырдың 24-і күні Минусинк қаласындағы жеке меншік үйдің ауласынан өлі күйінде табылған.

«Ресей билігінен Дмитрий Попковтың қатыгездікпен өлтірілуі бойынша мұқият әрі бейтарап тергеу жүргізіп, қылмысқа кінәлілерді сотқа тартуды талап етеміз» делінген халықаралық журналистерді қорғау ұйымы мәлімдемесінде.

Ұйымның Орталық Азия бойынша бағдарламаларының үйлестірушісі Нина Огнянова:

"Ресей – өте көп журналист жұмысын атқарып жүргенде кісі қолынан өлген ел. Оларды өлтіргендер бостандықта жүр. Мұндай жүгенсіздік біржолата доғарылуы тиіс" деп мәлімдеген.

42 жастағы Дмитрий Попков 2014 жылы «Тон-М» тәуелсіз басылымының негізін қалаған. Ол билікті теріс пайдалану және коррупция тақырыптарына жүргізген зерттеу материалдарымен таныма болған. Штаб-пәтері АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында орналасқан "Журналистерді қорғау комитеті" халықаралық үкіметтік емес ұйымының мәлімдемесінде "Ресей билігіндегі "Единая Россия" партиясына мүше шенеуніктерді Попковтың бірнеше рет сынағаны" айтылған.