Бүгін Ақмола облысының Ақмол ауылына сталиндік репрессияға ұшырап, атылып, Қарлаг лагерлеріне айдалғандардың ұрпақтары жиналды деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Ақмолдағы "Ұрпақтар ұмытпайды" деп аталған халықаралық конференцияға постсоветтік бірқатар елдерден, Израиль мен Германиядан да репрессияға ұшырағандардың ұрпақтары келді. Олар өздерінің отбасылық естеліктерімен, қазіргі тыныс-тіршіліктерімен бөлісті.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, репрессияға ұшырағандар ұрпақтарының арасында Ресейдегі совет диктаторы Иосиф Сталинді дәріптеуге қарсылар да, өзі өскен советтер одағын қымбат санайтындар да бар.
АЛЖИР тұтқыны Лидия Френклинвиолинаның немересі, Мәскеуден келген Дария Виолина сталиндік зобалаңға қарамастан, Ресейде Сталинді насихаттау өршіп тұрғанын айтады.
- Қазақстанда сталиндік репрессиялар жөнінде екі ұшты ой жоқ. Ресейде бары өкінішті. Мысалға, Ресейдің федералды арналарында Волгоград қаласын Сталинград деп өзгертуді талқылауға атауға болады. Ресей қалаларының орталық көшелерінен өтетін "Бессмертный полк" шеруіндегі адамдардың әрбір бесіншісінің қолынан Сталиннің портретін көре аласыз. Меніңше, бұл өмірі бүлінген ондаған миллион адам үшін қорлық, дейді Дария Виолина.
Ал 1938 жылы атылып кеткен алашордашы, ҚазақССР денсаулық сақтау министрі, нарком Хасен Нұрмұхамедовтың ұлы, 81 жастағы Леон Хасенұлы өзі де, отбасы да антисоветшілге айналмағанын айтады. Леон Хасенұлының анасы Кира Берсеньева "халық жауының әйелі" есебінде бес жылға Қарлагқа айдалған.
- Мен де, отбасым да антисталиншілге, бұрынғыша айтқанда, антисоветшілге айналған жоқ. Мен коммунистік партияның белсенді мүшесі болдым. Меніңше, өмірді әлденені, әлдебіреуді жек көріп өткізуге болмайды. Бұл - белгілі бір адамдардың принципті тұрғыдағы қате шешімдерінің нәтижесінде болған зобалаң. Өзім өсіп, өмір сүрген советтер одағы маған қымбат, - дейді Леон Хасенұлы.
Санкт-Петербургтан осы шараға арнайы келген қария өзінде қалған кейбір отбасылық суреттерін, хаттарын Ақмолдағы АЛЖИР мұражайы қызметкерлеріне тапсырды.
Совет одағы кезіндегі сталиндік репрессия 1920 жылдардан басталып, Сталин өмірден қайтқанша 1950 жылдардың ортасына дейін жалғасты. Кейбір деректер бойынша, "Үлкен террор" аталып кеткен саяси қуғын-сүргін кезінде жүз мыңнан аса қазақстандық репрессияға ұшыраған. Бес миллионға жуық совет азаматы Қазақстандағы лагерлерге айдалған.