Түркіменстанның Лебап облысында соңғы бір айда "гүленшіл қозғалысқа" қатысы бар делінген елуден астам адам тұтқынға алынған. Түркіменстанның құқық қорғау органдарындағы дереккөз арнайы қызмет сәуір айының 23-інде Лебап облысы Атамыра ауданының Астана-Баба қаласында ауқымды рейд жүргізгенін айтады. Оның сөзінше, ұсталғандар - түрік лицейінің түлектері мен мұғалімдері.
Бұл ақпаратты Азаттықтың Түркімен редакциясына осы ел билігіне жақын басқа дереккөз де растады. "Түнгі сағат ондар шамасында №2 мамандандырылған мектептің мұғалімдері тұратын жатақханаға басып кірген. Сол түні жеті мұғалім мен үш қонақты алып кеткен. Келесі күні тағы келіп, екі мұғалімді тұтқындаған. Ал Атамырат қаласында білім орталығының төрт қызметкерін ұстап алып кетті" дейді аты-жөнін айтуды жөн көрмеген дереккөз.
Оның сөзінше, 23 сәуірден бері Лебап қаласында бірнеше рет "гүленшілерді" ұстау операциясы жүргізілген. Ол қуғын-сүргіннің жаңа түріне кәсіпкерлер, танымал тұлғалар, білім беру саласының мамандары ілінді дейді.
Түркия билігі ислам қайраткері, шетелде тұратын Фетхулла Гүленді "елде төңкеріс жасамақ болды" деп айыптайды. Гүлен бұл айыпты жоққа шығарады.
Түркіменстанда "гүленші" делінгендердің алғаш ұсталғаны туралы 2016 жылы қазанда хабарланған. Ол кезде дереккөз 150-ден астам белгілі бизнесменнің ұсталғанын хабарлаған. Олардың бірқатары тергеуден кейін босатылып, кейбірі ұзақ мерзімге түрмеге жабылған.