Сот мұғалім Юрий Пактің жазасын айыппұлға өзгертті

"Жалған терроризм" айыбы тағылған Юрий Пак сотта тұр. Қарағанды, 16 маусым 2016 жыл.

Қарағандылық мұғалім, "жалған терроризм" айыбымен сотталған Юрий Пактің бас бостандығынан айыру түріндегі жазасының өтелмеген бөлігі айыппұлмен алмастырылды деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Бұл туралы сот қаулысы 31 маусымда Юрий Пак жазасын өтеп жатқан АК 159/18 мекемесінде өткен көшпелі сот отырысында шықты.

- Бүгінгі сот отырысында Юрий Пак кінәсін толық мойындап, қылмыс жасағанына өкініш білдірді. Жазаның қалған бөлігі 170 мың 742 теңге айыппұлмен алмастырылды. Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ, оған шағымдануға уақыт бар, - деді Азаттыққа Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметінен.

Пактің "кінәсін мойындап, ісіне өкінгені" туралы ақпаратты оның адвокатынан растау әзірге мүмкін болмады.

Мамырдың басында жазасын өтеп жатқан Юрий Пак жазасының қалған бөлігін айыппұл төлеумен алмастыруды сұрап өтініш білдірген. Пактің қазірге дейін өтелмеген жаза мерзімі бір жылданасады. Жазаны алмастыратын айыппұл қылмыстан келген шығынды толық өтейтіндей көлемде болуы тиіс.

Әлеуметтік желілерде күйеуінің жағдайы туралы үнемі хабарлап тұратын Пактің әйелі бұған дейін күйеуінің қамауда отырып кәдімгідей ауырып қалғанын, бүйрегінде кінәрат барын жазған.

Қарағанды соты 2016 жылы қазанда физика пәнінің оқытушысы Юрий Пакты қалалық орталық сауда үйіне бомба қойылғаны туралы жалған ақпарат берді деп айыптап, екі жылға соттаған. Өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген мұғалімнің берген шағымын апелляциялық сот қанағаттандырмай тастаған. Кейін рақымшылық заңы бойынша Юрий Пактің өтелмеген жаза мерзімі бес ай 10 күнге қысқартылған.

Юрий Пактің өзіне қарсы істі қайта қарауға қалай қол жеткізгені туралы видео (16.03.2017)

Your browser doesn’t support HTML5

Физика мұғалімінің "Жалған терроризм" ісін қайта қарамақ