Украина шығысында уақытша бітім жарияланды

Тұрғындар сепаратистер танкінің жанынан өтіп барады. Донецк қаласы, 3 мамыр 2017 жыл.

Украина шығысындағы қақтығыс аймағында 1 маусымнан бастап кезекті бітім күшіне енді. Бітім бір тәулік күшінде болады. Украина шығысындағы арнайы операция штабының мәлімдеуінше, кеше украиналық әскерилерге қару-жарақ пен оқ-дәрінің барлық түрін қолдануға тыйым салынған. Дегенмен, егер Ресей қолдайтын сепаратистер тарапынан оқ атылғандай болса, әскерилер қару қолдануға дайын болады.

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай бітім орнату туралы ұсыныс соғысушы екі тараптан, құрамында ресейлік және украин әскерилері бар Бітім режимінің сақталуын қадағалау жөніндегі бірлескен орталықтан түскен. "Донецк халық республикасының" сепаратистері "шексіз бітім" орнату туралы келісім жасалғанын айтады.

1 маусым күні таңертең соғысушы тараптар Донбастағы бітім жалпы алғанда сақталып тұрғанын хабарлады. Украин әскерилерінің мәліметінше, 1 маусымға қараған түннен бері сепаратистер өздерінің шептерін екі рет атқылаған. Сепаратистер де украин әскерилерінің өздеріне екі рет оқ атқанын айтады.

Бүгін ЕҚЫҰ-ның Украинадағы миссиясының басшысы Эртурул Апакан соңғы айда жағдай шиеленісе түскен Донецк облысының Горловка қаласына барады.

Донбаста қақтығыс басталған 2014 жылдың сәуірінен бері 10 мыңға тарта адам қаза тауып, 23 мыңға тарта адам жараланды.