Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов қытайлық және сингапурлық инвесторлармен кездесу өткізіп, облыста салынатын жаңа нысан бойынша келіссөздер жүргізді. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, әкім шетелдіктерге облыстың инвестициялық мүмкіндіктері жайында айтты.
- Солтүстік Қазақстан облысының топырағы өте құнарлы. Бізде ет, сүт, барлық ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі дамыған. Облыста алынатын еттің 20, ұнның 10, сүттің 50 пайызы ғана қайта өңделеді. Біз шетелдік инвесторлармен әріптестік орнатып, оларға барлық жағдайды жасауға ниеттіміз. "Тайынша май" - өте жақсы жоба және оны жүзеге асыруда жоспарымыз көп. Биыл майлы дақылдар алқабын 712 мың гектар алқапқа ұлғайттық. Бидай, бұршақ, дәнді дақылдар егістігін 2,5 есе арттырып, 190 мың гектарға жеткіздік. Ауыл шауашылығы – бұл біздің басты сала. Оны барынша дамытамыз, - деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
СҚО Тайынша ауданындағы "Тайынша май" компаниясының құрылтайшысы Цзя Хэи облыс басшысының қолдауына алғыс айтып, зауыттың алдағы уақыттағы жоспарларына тоқталды. Зауыт негізінде агроөндірістік парк салынып, логистикалық жүйесі дамымақ. Қызылжар өңірінде өсірілетін дәнді дақылдар елде өңделіп, Қытайға экспортталады.
- Біздің "Айцзю" компаниясының жобасы - логистикалық тізбек құру. Бірінші базамыз, Тайынша ауданындағы "Тайынша май" зауыты. Тағы бір логистикалық база шекарада орналасқан. Оған Сиань қаласындағы логистикалық паркті қосыңыз. Бұл жерде біз үш жүйе, яғни өндіріс, тасымал және сауданы біріктіреміз. Осылайша біз, тауардың сапасына, дер кезінде жеткізілуіне және толықтай сатылуына кепіл береміз. Бұл Қытайда "айдаһар жүйесі" деп аталады. Біз ешкімге тәуелді болмаймыз, барлығын бақылап отырамыз. Бұл Қазақстан президентінің "Нұрлы жол бағдарламасы және Қытай үкіметінің "Бір белдеу, бір жол" бағдарламасына сәйкес атқарылмақ, - деді Цзя Хэи.
Бұл жобаны "Айцзю" компаниясы SalimWanye фирмасымен бірлесе жүзеге асырмақ. Бұл фирма жайында Қытайдың "Минжонг" азық-түлік корпорациясының аймақтық жобалар жөніндегі директоры Сэм Онг айтып берді.
- Корпорация құрамына 140 компания кіреді. Негізгі қызмет түрі – азық-түлік өндірісі. Сонымен қатар, тау-кен өнеркәсібімен, қонақ үй, мейрамхана және басқа да бизнес салалары бар. ІТ технологиялармен айналысамыз. Әріптестік аясында "Айцзю" компаниясымен бірлесіп, жоба құра аламыз. Болашақта басқа да жобаларды жүзеге асыруға болады, - деді Сэм Онг.
Жиында Солтүстік Қазақстан облысы республикада шетел инвесторларын тарту көрсеткіші жөнінен екінші орында тұрғаны айтылды. Инвесторлардың басым көпшілігі ауыл шаруашылығы саласына қаржы салған.