Киевте Шешенстаннан шыққан, Мәскеу бес жыл бұрын Ресейдің сол кездегі премьері болған Владимир Путинге қастандық жасамақ болды деп айыптаған Адам Осмаевқа қастандық жасалды.
Осмаевқа оқ атқан адам онымен француздың Le Monde басылымының журналисі Алекс Вернермін деп танысып, 1 маусымда сұхбат алуға келіскен. Көлікке отырған кезде өзін журналиспін деп таныстырған адам қорапшадан Glock тапаншасын шығарып, Осмаевты көкірегінен екі рет атқан. Жанында отырған Осмаевтың әйелі Амина Окуева оған "Макаров" тапаншасымен қарсы оқ атқан. Осмаев пен оны атқан адам да ауыр жараланып, ауруханаға жеткізілген.
Полиция кісі өлтіруге оқталу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Полицияның ақпаратына қарағанда, өзін француз журналисімін деп таныстырған адам Украинаға таяуда Ресейдің Брянск облысынан барған. Одан Александр Дакардың атына берілген шетелге шығу төлқұжаты табылған. Полиция құжаттың жалған, я жалған еместігін тексеріп жатыр.
2012 жылы ақпанда Адам Осмаевты Украина қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері Одесса облысында ұстаған. Әуелде оған және тұтқындалған тағы бір адам - Қазақстан азаматы Илья Пьянзинге қару-жарақ пен жарылғыш заттарды заңсыз айналымда ұстады деген айып тағылған болатын. Бірақ кейін Мәскеу екеуін де Владимир Путинге қастандық жасамақ болды деп айыптаған. Осмаевтың өзі Одессада ұсталғаннан кейін тергеу кезінде өзін егер Путин мен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровқа қастандық жасауды дайындағанын мойындамаса жазаланатыны туралы доңайбат көрсетілгенін айтқан. Осмаевты ол кезде Ресей соты сырттай тұтқындаған болатын, бірақ ол экстрадицияланбаған. Ол 2014 жылдың қарашасына дейін Украинада қамауда отырып, жаза мерзімі аяқталған соң босатылған. Кейін Осмаев пен Амина Окуева "Киев-2" полиция батальонының құрамында Донбастағы ұрыстарға қатысты.