Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты, 2013 жылы атқарған қызметіне байланысты айыпталған Садыр Жапаровтың соты басталды.
Жапаров биыл 25 наурызда үш жыл шетелде болып, Қырғызстанға оралған жерінен ұсталған. Оған "кісіні кепілге алды", "адам өміріне қауіп төндірді", "бұзақылық жасады" және "билік өкіліне күш көрсетіп соқтықты" деп айыпталған. Жапаровқа айып оның 2013 жылы Құмтөр алтын кенішін мемлкет меншігіне қайтаруды талап еткен демонстрациялардағы рөлімен байланысты тағылған. Бұрынғы депутат өзіне тағылған айыптарды терістеп, олардың саяси астары бар деп біледі.
Өзін оппозициялық саясаткер деп ашық білдіретін Садыр Жапаров бұрынғы президент Құрманбек Бакиевтің кеңесшісі және оның тұсында үкімет мүшесі болған.
2010 жылы Бакиев биліктен қуылған соң Жапаров парламент депутаты болды.
Садыр Жапаров 2013 жылы өзге екі депутатпен бірге наразылық шеруі кезінде президент резиденциясына кірмекке әрекеттенген соң "билікті күшпен басып алмақ болды" деп айыпталып, 18 айға сотталған. Үш ай түрмеде отырған соң ол ақталып, босап шыққан. Сол жылы өзіне қарсы тергеу басталған соң Қырғызстаннан кетіп қалған.
Садыр Жапаровтың қамалуына қарсы болған оның жақтастары биыл 25 наурызда Қырғызстан Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің алдында полициямен жанжалдасып, жүз шақты адам ұсталған. Олардың 12-сі екі айға қамалған. Олардың арасында Жапаровтың баласы мен бір туысы бар.