Иран парламентінде атыс болғаны хабарланды

Иран парламенті, Тегеран.

Ирандық ақпарат құралдарының мәлімдеуінше, сәрсенбі күні таңертең Тегерандағы парламент ғимаратының ішінде оқ атылып, күзет қызметкерлері жараланған. Депутат Елиас Хазратидің мемлекеттік телеарнаға айтуынша, тапаншалы бір адам және "Калашников" автоматты екі адам парламентке баса-көктеп кірген. Зардап шеккендердің саны туралы әрқилы хабар тарап жатыр. Басқа бір депутат "парламентке шабуыл жасаушыларды қауіпсіздік қызметінің жасағы қоршауға алды" деген.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарына сәйкес бір жарым сағаттан соң тағы бір шабуыл Иран астанасының оңтүстік шетіндегі Аятолла Хомейни мавзолейіне жасалған. Бұл орында да бірнеше адамның жараланғаны айтылады. "Фарс" ақпарат агенттігі "мавзолейге үш қарулы адам басып кірді" деп жазды. Агенттіктің хабарлауынша, екі шабуылшы зиярат етушілерге оқ атып, біреуі өзін жарып жіберген. Күдіктілердің кім екені белгісіз, түр-сипаттары да көрсетілмейді.

Аятолла Хомейни 1979 жылы Иранда ислам революциясын жасап, теократиялық режим орнатқан саясаткер. Ол 1989 жылы дүние салған.