Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) елдерінің басшылары саммитінің ашылуында сөйлеген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл кездесу "ұйымның жаңа тарихын ашатынын" мәлімдеді. Бұл саммитте Үндістан мен Пәкістанның ШЫҰ-ға қосылу процесі аяқталып, оларға ұйымның толыққанды мүшесі деген мәртебе берілу жоспарланған. Назарбаев бұл саммит құрамында Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан бар ұйымның алты жақты форматтағы соңғы жиыны екенін айтты. Оның сөзінше, Үндістан мен Пәкістанды қабылдау "ұйым дамуына жаңа серпін беріп, оның халықаралық беделінің артуына ықпал етеді".
Қазақстан президентінің сөзінен соң БАҚ өкілдері залдан шығарылып, ШЫҰ елдері басшыларының отырысы шағын форматта жалғасты.
Астанадағы саммитте халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі декларацияға және экстремизммен күрес жөніндегі конвенцияға қол қойылмақ. ШЫҰ-ға төрағалық жасау міндеті Қазақстаннан Қытайға өтеді.
Шағын құрамдағы отырыстан соң мемлекет басшыларының жиыны кеңейтілген құрамдағы жиыны өткізіліп, құжаттарға қол қойылмақ.
Саммитке Өзбекстанның былтыр қызметіне кіріскен президенті Шавкат Мирзияев бірінші рет қатысып жатыр. Үндістан мен Пәкістаннан осы елдердің премьер-министрлері келген.