Ақордада Назарбаев шетел басшыларымен кездесті

Қазақстан президентінің Астанадағы резиденциясы - Ақорда. (Көрнекі сурет.)

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанада ЕХРО-2017 халықаралық көрмесінің ашылуына келген бірқатар мемлекет басшыларымен кездесті деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Испания королі VI Фелипені Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келуімен құттықтаған Назарбаев екі ел арасындағы достық-қарым қатынастың негізі Испанияның бұрынғы королі І Хуан Карлостың тұсында қаланғанын айтқан.

Король Фелипе Қазақстан басшысын Астанадағы ЕХРО-2017 халықаралық көрмесінің ашылуымен құттықтаған.

Назарбаев чех президенті Милош Земанға ЕХРО-2017 көрмесінің ашылуына қатысқаны үшін ризашылық білдірген. Земан Қазақстанға өзімен бірге чех кәсіпкерлері тобы келгенін, олардың экономикалық байланыстарды дамытуға, Қазақстан экономикасының түрлі салаларына инвестиция салуға мүдделі екенін айтқан.