Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэйдің екі кеңесшісі – Ник Тимоти мен Фиона Хилл отставкаға кететіндері туралы мәлімдеді.
Олар мұндай қадамға премьердің жетекшілігіндегі консервативтік партия маусымның 8-і күні өткен кезектен тыс сайлау нәтижесінде парламенттің қауымдар палатасындағы басым көпшілік орыннан айрылып қалған соң барып отыр. Консерваторлардың көпшілігі партияның сайлауда сәтсіздікке ұшырағаны, сонымен бірге сайлаулды науқан кезінде жіберілген қателіктер үшін Тереза Мэйді кінәлайды. Сайлауалды науқанның басында консервативтік партия рейтингі лейбористерге қарағанда 20 пайызға жуық артық болған еді, бірақ дауыс беретін сәтке қарай күрт төмендеп, кейбір округтерде консервативтік партия кандидаттары күтпеген жерден жеңіліп қалған.
Сайлаудан соң Тереза Мэй консервативтік партия жетекшілігінде қалды. Егер партия өзінің дәстүрлі одақтасы – Солтүстік Ирландияның демократиялық юнионистік партиясы қолдау білдірсе, онда Мэйдің кабинеті қауымдар палатасының сеніміне ие бола алады. Қазір екі партия арасында келіссөздер өтіп жатыр.