Францияда парламент сайлауы өтіп жатыр

Францияда сайлауға түсіп жатқан кандидаттардың суреттері ілінген маңнан өтіп бара жатқан адамдар. (Көрнекі сурет.)

Францияда бүгін парламент сайлауының алғашқы туры өтіп жатыр. Сайлаушылар мажоритарлық жүйе бойынша 577 сайлау округінде дауыс береді. Бұл округтерде сайлауға түскен кандидаттар дауыс бергендердің 50 пайыздан астамының қолдауына ие болмаса, онда сайлаудың екінші кезеңі өткізіледі. Оған алғашқы турда сайлаушылардың 12,5 пайызынан астамы қолдау танытқан кандидаттар қатыстырылады.

Францияда парламент сайлауы ел президенттігіне центрист Эммануэль Макрон сайланғаннан кейін бір айдан соң өтіп жатыр. Қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, президенттің "Алға, республика!" қозғалысы сайлаушылардың 30 пайызының қолдауына үміт арта алады. Қозғалыс кандидаттарының көпшілігі сайлаудың екінші турына өтуі мүмкін деген болжам айтылып отыр. Сауалнама мәліметі сайлау нәтижесімен дөп шықса, Макрон қозғалысының өкілдері парламентте басым көпшілікке айналуы ғажап емес. Олардан кейінгі екінші орын оңшыл центристерге тиюі мүмкін. Мұның алдындағы шақырылымда парламентте көпшілік орынға ие болған Социалистік партия үшін бұл сайлау сәтсіз болайын деп тұрған сыңайлы. Ал әсіреоңшыл саясаткер, биылғы президент сайлауында кандидат болған Марин Ле Пен басқаратын Ұлтшыл майданға парламенттен қосымша орындар тиіп қалуы ықтимал, қазір бұл ұйымнан сайланған екі депутат қана бар. Ле Пеннің өзі де сайлау округтерінің бірінде дауысқа түсіп жатыр.

Францияда терактілер қатеріне байланысты парламент сайлауы қауіпсіздік шаралары күшейтілген жағдайда өтіп жатыр.