Орал тұрғыны сот алдында наразылық пикетін өткізді

Орал қаласының тұрғыны Мақсот Көбеев қаладағы азаматтық істер жөніндегі соттың алдында наразылық акциясын өткізіп тұр. 13 маусым 2017 жыл.

Бүгін Орал қаласындағы азаматтық істер жөніндегі №2 соттың алдында 57 жастағы жергілікті тұрғын Мақсот Көбеев наразылық акциясын өткізді. Ол өзін мұндай шараға «әділетсіз» сот шешімі мәжбүр еткенін айтады. Көбеев акцияда қолына «Заңды әділетті сотты талап етемін!» деген жазу ұстап тұрды.

Your browser doesn’t support HTML5

Оралдағы наразылық шарасы. Аудиоподкаст.

Көбеев 2012 жылдан бастап ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау және қадағалу комитетінің Орал қаласындағы аумақтық инспекциясында күзетші болып істеген. 2015 жылы оны жұмыстан қысқартқан. Көбеевтің шағымы бойынша тексеру жүргізген прокуратура еңбек заңдылығының бұзылғанын анықтаған. Инспекция Көбеевке электрик жұмысын ұсынған, бірақ бір жылдан соң оны тағы да босатқан.

Бұдан соң Мақсот Көбеев өзін бұрынғы жұмысына күзетші етіп қайта қалпына келтіруді және жұмыссыз жүруге мәжбүр болған мерзімге тиесілі еңбекақы мен моралдық шығын сомасын жұмыс берушіден өндіртіп алуды сұрап сотқа талап арыз берген. Сәуірдің 13-і күні судья Алтынбек Құспанов әуелі талап арыз қаралмайтыны жайлы анықтама шығарған, бірақ кейін сол күні арыз иесінің талабын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдаған.

Бүгін Көбеев сот алдындағы акцияда он бес минуттай тұрған кезде ғимараттан шығып, одан мән-жай сұраған ешкім болмады. Бұдан соң тұрғын жазуын жиып, ол жерден кетіп қалды. Сот приставтары Азаттық тілшісіне судья Құспановтың хатшымен бірге көшпелі сот отырысына кеткені туралы хабарлады.

Батыс Қазақстан облыстық соты канцеляриясының ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімнің жетекшісі Эльмира Есенғалиева істің жай-жапсарын анықтаған соң Азаттыққа хабарласуға уәде еткенімен кейін қайта байланысқа шықпады.

Мақсот Көбеев енді маусымның 20-ы күні апелляциялық алқаға шағым бермекші.