Солтүстік Кореяда босатылған америкалық студент ессіз күйде жатыр

Отто Уормбиер Пхеньянда өзіне шыққан сот үкімін тыңдап тұр. Солтүстік Корея, наурыз 2016 жыл

Солтүстік Корея билігі 17 ай қамауда ұстап, босатқан америкалық студент Отто Уормбиер ботулизммен ауырған және терең ұйқыға ұқсас ессіз күйде (кома) жатыр. "Оттоны Солтүстік Кореядан шығарды. Оны үйіне эвакуациялап жатыр. Бізге оның наурыздан бері комада жатқанын айтты. Біз бұл туралы бір апта бұрын ғана білдік" делінген оның ата-анасы Фред және Синдидің мәлімдемесінде. Америкалық студенттің босатылғанын АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон растады.

Вирджиния университетінің 22 жастағы студентіне 15 жыл мәжбүрлі еңбекке жегілу жазасы кесілген еді. Ол Солтүстік Кореяда болғанында қонақүйде қабырғада ілініп тұрған саяси плакатты жыртып тастағаны үшін қамалған. Уормбиердің соты 2016 жылы наурызда өтіп, бір-ақ сағат болған. Содан бері оны көпшілік алдына шығармаған. Солтүстік Кореядағы Швеция дипломаттарына Уормбиермен кездесуге рұқсат етпеген. Вашингтонның Солтүстік Кореямен тікелей дипломатиялық байланысы жоқ болғандықтан бұл елде АҚШ мүддесін Швеция жүзеге асырады. АҚШ ақпарат құралдары бұған дейін студенттің науқас екенін жазған.

Отто Уормбиердің ата-анасының мәлімдемесінде "Солтүстік Корея режимінің бізді және ұлымызды қалай қорлағанын бүкіл әлем білгенін қалаймыз. Оның өзін жақсы көретін адамдардың ортасында болатынына сондай ризамыз" делінген.

Вашингтон Солтүстік Кореяны Уормбиерді саяси тұтқын ретінде пайдаланды деп айыптап, оған кесілген жазаны жасаған қылмысына сай емес деп сынаған.