ЕО Чехия, Венгрия және Польшаға қатысты заңдық қудалау бастады

Димитрис Аврамопулос, ЕО-ның миграция жөніндегі комиссары

Еурокомиссия Чехия, Венгрия және Польшаға Еуропа Одағының (ЕО) ішіндегі квота бойынша босқындарды қабылдаудан бас тартқаны үшін заңдық тергеу бастады. 2015 жылы ЕО көпшілігі Грекия мен Италиядан келген 160 мың босқынды ЕО-дағы өзге елдерге бөлуге келіскен. Бұл келісім орындалуы міндетті болған және оған Орталық және Шығыс Еуропаның кейбір елдері қарсы шыққан. Польша мен Венгрия бір де бір адам қабылдамаған. Чехия 12 босқын қабылдаған, бірақ осы айда "қауіпсіздікке қатер төнгенін" алға тартып, келісімнен шығатынын мәлімдеді. Босқындарды бөлу тәртібін бұл елдер қабылдай қоймаған.

"Бірнеше рет үндеу жасағанымызға қарамастан Чехия, Венгрия мен Польша қажетті шараларды қабылдамады. Осыған байланысты комиссия бұл елдерді заңдық тұрғыдан қудалауды бастайды" деді ЕО-ның миграция жөніндегі комиссары Димитрис Аврамопулос Страсбургте өткен баспасөз конференциясында. Бұл процесс бірнеше айға созылуы мүмкін.

Чехия премьер-министрі Богуслав Соботка ЕО-ның бұл әрекетін дереу айыптады. "Еурокомиссия азаматтардың ЕО-ға деген сенімін төмендетіп, мигранттар мәселесін концептуалды түрде шешу қажеттігін кері ысырған, жұмыс істемейтін квота жүйесін енгізуді жете ойланбастан талап етіп отыр" деді Чехия премьері.