Қазақстандағы киік саны былтырғымен салыстырғанда 40 пайызға артып, 152 мың басқа жетті. Бұл туралы бейсенбіде баспасөз мәслихатында ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері мәлім етті деп хабарлады Азаттық тілшісі. Министрліктің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің өкілі Мәрлен Айнабековтің айтуынша, биыл киіктің төлдеу науқаны ойдағыдай өткен.
- 2015 жылы Қазақстандағы киіктердің үштен екіге жуығы қырылып қалды. Өздеріңіз білесіздер, ол кезде киік саны 275 мыңға жеткен еді. Ол киіктің саны азайып 108 мыңға дейін кеміген. Бүгінгі күні оның өсімі 40 пайызға байқалып отыр, - деді Айнабеков.
Ауыл шарушалығы министрлігі биылғы 10 сәуір мен 30 сәуір аралығында киік санағын жүргізген. Ол есеп бойынша, елдегі киік саны 152 мың болған. Жануарлардың жалпы саны шілде айында нақтыланады. Марлен Айнабековтың сөзінше, төлдеу науқаны кезінде киіктерді бұрынғы ауру шыққан аумақтардан 2-7 шақырым алыс ұстаған.
2015-жылы Орал, Бетбақдала және Үстірт популяциясына жататын 150 мыңға жуық киік қырылған. Ресми мәлімет киік өліміне пастереллез ауруы себеп екенін айтқан. Кейбір ғалымдар киік қырғынына басқа да аурулардың қатысуы болуы мүмкіндігін болжаған. Ал, "Шындық" экспедициясын құрып, киік қырылған Ақмола, Қостанай және Ақтөбе облыстарын аралап шыққан астаналық белсенділер қызыл кітапқа енген жануардың өліміне "ресейлік "Протон" зымырандарынан бөлінген улы гептил отынының әсері бар" деген тұжырым айтқан еді.
Азаттықтың киік қырылғаны жайлы арнайы репортажы (маусым, 2015 жыл):
Your browser doesn’t support HTML5