"Қазпошта": ЭКСПО-ның жалған билеттері шыққаны рас

Астанадағы ЭКСПО көрмесіне қатысушы елдерді бейнелейтін фигуралар. 13 маусым 2017 жыл (Көрнекі сурет).

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің сатылған билеттерінің ішінде қолдан жасалғаны анықталып жатыр. Мұны билеттерді сатумен айналысқан "Қазпошта компаниясы растады.

- Мұндай билеттердің шығып жатқаны рас. Бұған екі-үш күн болды. ЭКСПО қызметкерлері мен Астана қалалық ішкі істер департаменті тексеру жүргізіп жатыр, - дейді "Қазпоштаның" баспасөз хатшысы Сәуле Мұқашова.

Оның айтуынша, қолдан жасалған жалған билеттерде "Қазпоштаның" мөрі қойылған.

- Бұл біздің билеттер емес. Билеттің көшірмесі. Бұл билеттер тек Шымкенттен шықты, - дейді ол.

"Қазпоштаның" дерегінше, Оңтүстік Қазақстан облысында пошта арқылы 8800 билет сатылған. Жалған билеттер Шымкент қаласы әкімдігі мен қалалық білім бөлімінен сатып алынған билеттер арасынан шыққан.