Лондон полициясы мешіт жанындағы шабуылды теракт деп бағалады

Ұлыбритания преьмер-министрі Тереза Мэй Лондондағы шабуылды айыптап мәлімдеме жасап тұр. 19 маусым 2017 жыл.

Ұлыбритания полициясы Лондонда жүк көлігінің жаяу жүргіншілерді қағып өткен оқиғасын теракт деп бағалайды. 19 маусымға қараған түні Лондонның Финсбери паркі ауданында мешіт маңында фургон жаяу жүргіншілерді соғып, бір адам қаза тауып, 10 адам жараланған.

Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй үкіметте төтенше жағдайлар комитетінің шұғыл жиынын өткізді. Мэй оқиғаның мұсылмандарға қарсы әдейі жасалған шабуыл екенін мәлімдеді. Премьердің сөзінше, британ қоғамында мұндай қастық пен жеккөрініштілікке орын жоқ.

Мэй 48 жастағы террористің жалғыз өзі әрекет еткенін растады. Күдікті оқиға орнынан із суытпақ болған, бірақ жергілікті тұрғындар оны ұстап алып, полицияға тапсырған.

3 маусымда Лондон көпірінде жүк көлігі жол шетінде кетіп бара жатқан жаяу адамдарды қағып өткен. Бұдан соң ол көліктен пышақ ұстаған үш адам секіріп шығып, кетіп бара жатқан адамдарға шабуылдаған. Шабуылдағандарды полиция оқиға орнында атып өлтірген. Терактіден жеті адам қаза тауып, ондаған адам жараланған. Олардың көпшілігі әлі ауруханада жатыр. Шабуыл жауапкершілігін "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы мойнына алған.