Еуропа Одағының (ЕО) басшылары Ресейге қарсы экономикалық санкцияларды тағы алты айға - 2018 жылдың 31 қаңтарына дейін ұзартуға келісті. Бұл туралы шешім 22 маусымда Брюссельде Германия канцлері Ангела Меркель мен Франция президенті Эммануэль Макрон Украина шығысындағы ресейшіл сепаратистер мен үкімет әскерінің Минск келісімін қаншалықты орындап жатқаны туралы есебінен соң қабылданды.
Минск келісімі 2015 жылы ақпанда Франция, Германия, Ресей және Украина басшыларының қатысуымен жасалған. Ресейдің қаржы және банк секторына қарсы санкциялар 2014 жылы маусым және шілде айларында Ресейдің Украина шығысындағы басқыншылығы мен Қырымды аннексиялап алуына жауап ретінде салынған. Содан бері санкциялар әр алты айда ұзартылып отырады.
ЕО елдерінің елшілері санкцияны ресми түрде осы айдың соңында, я шілденің басында ұзартады. Осы аптаның ЕО сонымен қатар Қырымға инвестиция құюға салған тыйымын да ұзартқан.