Астанада белсенді Махамбет Әбжанды үш тәулікке қамады

"Шаңырақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі Махамбет Әбжан. Астана, 8 мамыр 2014 жыл.

Астаналық азаматтық белсенді Махамбет Әбжанды "алаяқтық" және "өзінше билік ету" айыптары бойынша үш тәулікке қамауға алғаны туралы оның адвокаты Төлеген Шайықов Азаттыққа хабарлады. Адвокат кеше Махамбет Әбжан өзімен бірге тергеушіге барған кезде тұтқындалғанын айтты.

- Сол әлгі "өзінше билік ету" туралы істі қараған тергеуші бұл, ол іс бойынша ештеңе шығара алмаған еді. Полициядан "Ата-Кент" тұрғын үй кооперативі үлескерлеріне телефон шалып: "Сіздер алаяқпен келісім жасағандарыңызды білесіздер ме? Біз полицияданбыз, келіп, хабарлама жазыңыздар" деп айтқан. Бұдан соң үлескерлердің бірі "алаяқтың құрбаны" болғаны туралы арыз жазған. Ол (Махамбет Әбжан. - Азаттық) одан "Ата-Кент" тұрғын үй кооперативіне жарна ретінде миллион теңге алған және оған түбіртек, жасалған келісім - барлығын берген. Енді олар мұны алаяқтық деп отыр, ал шындығында бұл азаматтық-құқықтық қатынастар, - дейді Төлеген Шайықов.

Оның сөзінше, аталған тұрғын үй кооперативінде Махамбет Әбжан заңгер болған және өткен аптада оның үйінде және әйелінің пәтерінде тінту жүргізіп, "Ата-Кент" тұрғын үй кооперативіне қатысты құжаттарды алып кеткен.

Өткен жылы тамызда "Ата-Кент" тұрғын үй кооперативі үлескерлеріне көмектескен Махамбет Әбжанға осы тұрғын үй дау-дамайына қатысты тағылған "өзінше билік ету" айыбы негізсіз деп танылып, белсендіні ақтаған болатын.

2016 жылы Астана тұрғыны Ольга Цветкова жалға алып тұрып жатқан пәтерінде өзінің үстіне бензин құйып, егер "Ата-Кент" тұрғын үй кооперативіне салған тоғыз миллион теңгеге жуық үлес ақшасын қайтармаса, өзін өртейтінін мәлімдеген болатын. Ол Көктал шағын ауданында салынады деп жоспарланған үйден уәделі пәтерді екі жыл күтіп, төзімі таусылғанын айтқан. Көпшілік назарын өзіне аударған тұрғынның жағдайына Астана әкімдігі араласқаннан кейін құрылыс жүргізуші үлескерге ақшасын қайтарған. Ол оқиғаға Махамбет Әбжан құқық қорғаушы ретінде қатысқан еді.

Астана қалалық ішкі істер департаменті белсенді Махамбет Әбжанның тұтқындалғанына байланысты әзірше комментарий берген жоқ.