Министр Әбдірахманов: БҰҰ рұқсатынсыз Сирияға әскер жібермейміз

Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов.

Қазақстан қақтығыс аймақтарына әскер жіберу мәселесі тек БҰҰ деңгейінде ғана қаралуы керек деп санайды. Бұл туралы бүгін Астанада Еуразия медиафорумы кезінде Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов мәлімдеді деп хабарлайды "Қазақпарат" агенттігі.

Министрдің айтуынша, "Сирия дағдарысы шешу жолында Қазақстан ешкімнің ықпалына түспейді". Сонымен бірге ол Қазақстан қазіргі кезде БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына атсалысып, өз бітімгерлік күштерін 16 миссияның құрамында қызмет атқаруға дайындап жатқаны туралы айтқан. Әбдірахмановтың сөзінше, "бітімгерлік күштерді бірнеше ұйымның аясында пайдалануға рұқсат бар".

"Дегенмен, аталған мәселе БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде қарастырылған жағдайда ғана Қазақстан өзінің бітімгерлік күштерін қақтығыс аймақтарына жіберетін болады. Ұйымның ресми қарары мен мандаты берілуі шарт. Сонда ғана Қазақстан да, басқа да мемлекеттер бітімгерлік күштерін тиісті жерге жібере алады", - деп мәлімдеген ол.

Министр Әбдірахманов Қазақстан Сирияға бітімгерлік әскер жіберу бойынша ресми келіссөздер жүргізіп жатпағанын еске салып, Сирия мәселесі бойынша Астана процесінің өзі "Қазақстанның ортақ іске қосқан үлкен үлесі екенін" айтқан.

Бұған дейін Түркия мен Ресейдің Қазақстан мен Қырғызстанға Сирияға әскер жіберу туралы ұсыныс жасағаны туралы ақпарат тараған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Сирияда құрылады деп жоспарланған төрт деэскалация аймағының тиімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі Сирия келіссөзі бойынша гарант елдер (Ресей, Түркия және Иран) 4-5 шілдеде Астанада өтетін Сирия келіссөзінің кезекті жиынында талқыланбақ.