Еуропа Одағы Еуропада босқын мәртебесін ала алмаған азаматтарын кері қабылдағысы келмейтін кейбір үшінші елдермен виза тәртібін күшейтпекші.
Брюссельде өткен Еуроодақ саммиті барысында Бангладеш пен Нигерия тәрізді елдердің азаматтарына Еуропа Одағы аумағына келуіне виза беруді шектеу туралы шешім қабылданған.
Еуроодақ мүшелері Еуропа құрлығында екінші дүниежүзілік соғыс кезінен бергі кезеңдегі ең үлкен көші-қон дағдарысын шешу жолдары туралы мәселеде әлі күнге дейін мәмілеге келе алмай отыр.
Жұма күні саммитке қатысушылар әлемдік саудадағы әділ бәсекелестік принциптерінің бұзылуына қарсылық білдіріп, АҚШ пен Қытайдың протекционистік іс-әрекеттеріне жауап шараларын күшейтуді қолдаған. Және олар Еуроодақ экономикасының стратегиялық секторларына қытай мемлекеттік және өзге де шетелдік компаниялардың барлық инвестицияларын мұқият тексеру жөнінде уағдаласқан. Дискуссия барысында, мәселен, АҚШ президенті Дональд Трамптың еуропалық болат және алюминий салалары өнімдері импортын шектеуге ұмтылып отырғаны айтылған.
Маусымның 22-і күні Еуропа Одағы елдері лидерлері Ресейге қарсы санкцияның мерзімін тағы алты айға – 2018 жылғы қаңтарға дейін созу туралы келіскен. Брюссель Украинаның шығысындағы қарулы жанжалды бейбіт реттеу туралы Минскі келісімдерін жүзеге асыруға Мәскеу жеткілікті дәрежеде күш-жігер жұмсамай отыр деп санайды.