Алматы облысында тұрғындар жайылымдық жерін даулады

Жамбыл ауданы Ақсеңгір ауылдық округіне қарасты Жайсаң ауылының тұрғындары ауыл сыртындағы жайылымдық жерін даулап тұр. Алматы облысы, 26 маусым 2017 жыл.

Алматы облысының Жамбыл ауданы Жайсаң ауылының ондаған тұрғыны төрт түлік малдарын жаятын жайылымдық жерлерінің тарылғанын айтып, наразылық танытты деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Тұрғындардың айтуына қарағанда, олардың ауыл сыртындағы бұзау жаятын жерлерін бірнеше жыл бұрын кәсіпкер Арыстанбек Тағаев "заңсыз иемденіп алып, содан бері пайдалануға тыйым салған". Ауыл тұрғындарының сөзінше, бұл дау төрт жыл бұрын басталған, бірақ Ақсеңгір ауылдық округінің әкімдігі еш шара қолданбай отыр.

Тұрғындар бүгін түстен кейін сағат 15-те Жайсаң ауылы қарайтын Ақсеңгір ауылдық округінің әкімі Ержан Қосымшаловтың өздерімен кездесуге уәде бергенін айтты. Бірақ ауыл ортасына жиналған тұрғындарға келген әкім Қосымшалов жиынға тілшілердің келгенін көріп, тұрғындарға "Журналистерді неге шақырдыңдар?" деп кейіп, тұрғындармен кездеспестен кетіп қалды.

Бұдан соң наразы тұрғындарға келген кәсіпкер Арыстанбек Тағаев тұрғындар мен Азаттық тілшісіне ауыл сыртындағы 300 гектар жерді мемлекеттік бағдарламамен 49 жылға жалға алғаны туралы құжаттарын көрсетті. Бірақ тұрғындар кәсіпкер иеленген жерге талай жылдан бері мал жайып жүргенін айтып, ол құжаттың заңдылығына күмән келтірді.

Тұрғындар бұдан соң сотқа шағымданатынын айтып тарқасты.