Бүгін Астанадағы "Барыс Арена" сарайында Қазақстан президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен "Қазақстан барысы" республикалық турнирі басталды деп хабарлайды "Қазақпарат" агенттігі.
Осымен жетінші рет өтіп жатқан дәстүрлі жарысқа биыл елдің 14 облысы мен Алматы және Астана қалаларынан, сонымен бірге әскери қызметкерлер арасындағы іріктеу сайысынан өткен 34 балуан қатысып отыр.
"Қазақстан барысы" турнирінің жеңімпазы бүгін кешке анықталады. Үздік балуанға бас жүлдеге алтын белбеу мен алтыннан құйылған "тайтұяқ", 25 миллион теңге табыс етіледі. Екінші орынға күміс белбеу мен 5,5 миллион теңге, үшінші орынға - қола белбеу мен 1,8 миллион теңге ақшалай сыйлық беріледі.