"Әлемде ядролық қару саны азайып бара жатқанымен, ядролық қаруы бар елдер өз арсеналын модернизациялап жатыр және жақын болашақта бұл қару түрінен бас тартпақ емес" деп мәлімдеді Стокгольмдегі Халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының (SIPRI - Stockholm International Peace Research Institute) әлемдегі ядролық қарудың қоры туралы жаңа зерттеуі.
SIPRI есебіне қарағанда, ядролық қаруға ие тоғыз елдің арсеналында 2017 жылдың басында жедел қолданысқа дайын 4 150 дана ядролық қару болған. Институт есебінде сонымен қатар бұл елдердің жалпы арсеналында осы жылдың басында 14 935 ядролық оқтұмсық болғаны, мұның 2016 жылғы көрсеткіштен (15 395) аз екені айтылады.
SIPRI ядролық қаруға ие елдер санатына АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Израиль және Солтүстік Кореяны қосқан.
Институт есебінде ядролық заряды ең көп елдер тізімін Ресей бастап тұр. Институт сарапшыларының есебінше, Ресейде 1 950 ядролық заряд, тізім соңындағы Солтүстік Кореяда 10-нан 20-ға дейін ядролық заряд бар.
SIPRI мәліметінше, АҚШ-та 1 800 ядролық заряд пен 5 000 өзге де оқтұмсықтар бар. Тізімдегі басқа елдердің әрқайсысында бар оқтұмсық саны 300-ден аспайды.